Шығыс шекарашылары тағы да мықтылықтарын дәлелдеді. Шекара қызметі директорының кубогіне арналған әскерилер арасында биатлоннан өткен республикалық жарыста өңір командасы күміс жүлдеге ие болды. Әскерилерді әріптестері зор қуанышпен қарсы алды.

14 департаменттің қызметкерлері қатысқан биатлон сайысында Шығыс шекарашылары көш басынан көрінді. Әскери биатлонның спорттық биатлоннан ерекшелігі бар. Құрамында бір офицер, мерген, атқыш, байланысшы және кинолог бар команда жарыс жолын шаңғымен жүгіріп қана өтпей, жауынгерлік тапсырмаларды орындады.

Әскери қызметкер тек қана жауынгерлік өнердің қыр-сырын біліп қоймай, шымыр, шыныққан болғаны абзал. Бұл талапқа Шығыс шекарашылары сай келіп тұр. Әр әскери жарыстан жүлдесіз қайтпайтын олар алдағы уақытта да мұндай сындардан қалмаймыз дейді.