Қазақ әдебиетінде қара сөздің қарагері атанған жазушы, драматург Қалихан Ысқақтың мерейтойына орайластырылған шараның бірі Өр Алтайдың төрінде жалғасты. Облыс орталығынан аттанған бір топ ақын-жазушылар, ғалымдар қаламгер туған ауылға ат басын тіреді. Зиялы қауым мақсат еткен бұл сапар ғылыми конференцияға ұласты.
Алтайдың құзар шыңдары бар, орман басқан тауларының етегіне қонған бұл аядай ғана Топқайың ауылынан талай мықты шыққан. Соның ішінде басқадан бөлек те биік тұрған – Қалихан Ысқақ. Жазушының қаламдас бауырлары, ғалымдар алдымен қаламгердің аты берілген мектепке барып ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Келмеске кеткен ағаларын інілік сағынышпен еске алды.
Ұстаздар ұжымы мектеп бұрышын Қалағаға арнапты. Жазушының талай шығармасы терілген баспа машинасы, кітаптары, қолжазбалары көпшілік назарына қойылған. Мектеп директоры, Қалихан Ысқақтың бауыры Айдын Сайлаухановтың айтуынша, білім ордасы дарынды тұлғаның атын абыроймен алып жүр.
Сапар ары қарай аудандық мәдениет үйінде жалғасты.Қолөнершілер бұйымдары, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларына байланысты салынған картиналар, кітаптар көрмесі көптің назарына қойылды.Аудан әкімі жазушының 90 жылдығына арналған әлеуметтік желіде ұйымдастырылған «Қысқа әңгіме» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бас жүлде өскемендік талантты жас прозашы Әділ Әуезханға бұйырды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда оқылған баяндамалар жазушының қаламгерлік болмысы, замандастарының шығармашылығы туралы пікірлер мен әдеби мұрасының құндылығы жайлы мәліметтерімен терең. Ұлт әдебиетіне қосқан үлесі мен жазу стилінің ерекшелігі сөз болды, дейді баяндамашылар.
Өр Алтай топырағы таланттарға бай. Осы жыл олардың бірқатарының мерейтойы. Сондықтан, әдебиетсүйер қауым үшін осындай шараның маңызы зор.