Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен «Бабалар ізімен» атты көрме өтті. Наурыз мерекесіне орайластырылған бұл шара келушілер үшін өткен дәуірдің атмосферасын сезінуге, тарихи құнды жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік берді.

Көрмеге келушілер ежелгі дәуірдің жәдігерлерін тамашалай алды. Экспозицияда түрлі тарихи кезеңдерге жататын, б.з.д. VIII–VII ғасырлардан бастап қазіргі уақытқа дейінгі ұлттық нақыштағы киімдер қойылды. Мұның барлығы дерлік Қазақстанның бай тарихын бейнелейді.

Көрмеден көне түркі қағанының бейнесі,Үржар абыз әйелінің киімі, ежелгі дәуір әйелдерінің түрлі сән-салтанатты киімдерін, сондай-ақ «Алтын адамның» реконструкциясын көруге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында тарихи-мәдени мұрамызды жан-жақты және әдістемелік тұрғыдан насихаттау қажеттігін айтты. Президент өз сөзінде «Ғылыми зерттеу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазбалар, мұражай ісін дамыту, шетелдік мұрағаттарды зерттеу, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту – осының барлығын бір жүйеге келтіру керек», деді. Осы бағытта ұйымдастырылған бастама осындай ғылыми-зерттеу жұмыстарының жарқын үлгісі.

Көрме аясында түрлі дәуірлердің көркем өнері, мүсіндері, тұрмыс бұйымдары, киімдері мен сән-салтанатын көрсететін экспонаттар орналасқан. Әрбір жәдігер тарихтан сыр шертеді, өзіндік құндылығы бар.

Бұл көрме қоғамға өткен заманның мәдениеті мен өнерінің, оның ішінде ежелгі халықтардың өмір салты мен дүниетанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.