Облыс орталығындағы Республика алаңында «Әндер» вокалды-аспаптық ансамблінің қайырымдылық концерті өтті. Шара «Наурызнама» онкүндігі аясындағы «Қайырымдылық күніне» орай ұйымдастырылды.
Концертке келген халықтың қарасы көп. Танымал өнер ұжымының шығармашылығы сахналанған мереке жанданып, шара түрлі музыкалық туындылармен өрбіді. Бағдарламада бұрыннан белгілі әуезді әндермен қатар жаңа туындылар да орындалды. Көрермендер ән ырғағына қосыла шырқап, өнерпаздарға қолдау білдірді.
«Әндер» ансамблі 1970-жылдары Мұрат Жуанышпаев пен Ерболат Ахмадиевтің бастамасымен құрылды. Әр жылдары бұл ұжым «Ялла», «Дос-Мұқасан» сынды әйгілі топтармен қатар беделді байқаулардың лауреаты атанды. Бүгінде ансамбль Ерболат Ахмадиевтің жетекшілігімен өз өнерін қайта жаңғыртып, тыңдармандарын қуантуды жалғастыруда.
Көрермендер сүйікті әуендерін бірге шырқап, би билеп, музыканттарды ыстық ықыласпен қарсы алды.
Бұл күні аға буын өкілдеріне ерекше құрмет көрсетілді. Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Сағымбек Ақанов қалада жүргізіліп жатқан қайырымдылық шаралары туралы өз пікірін білдірді.
Өскеменде Наурыз мерекесіне арналған шаралар жалғасын табады. Алда ұлттық дәстүрге толы мәдени бағдарламалар мен бірлік пен ынтымақтың символына айқындайтын мерекелік шаралар өткізіледі.