Жер көгеріп, жыл жаңарып, көктеммен бірге келетін наурыз мейрамының мәні тереңде. Арнайы атау тағып, шегелеп берген онкүндік аясында әр күннің өз орны бар. Мәселен, бүгін – Ұлттық киім күні. Қазақ халқының ертеден қалыптасқан киім үлгісі мен ұстанған салт-дәстүрін бүгінгі ұрпаққа жетізу маңызды. Табиғи таза өнімнен жүн мен теріден өңделіп тігілген ұлттық киімнің әр ою-өрнегінде терең мән-мағына жатыр. Осы күнге орай облыс орталығында арнайы шара өтті.

Шара барысында орталық алаңдағы ақшаңқай киіз үйге халық көп жиналды. Өскемендегі бірнеше сән үйлерінің түрлі дизайнда тігілген киім үлгілері көздің жауын алды. Ою өрнектері де әртүрлі. Ал 2019 жылы этно-фотостудия ашқан Гүлнәр Ережепова жыл өткен сайын ұлттық киімге деген сұраныс артып келе жатқандығын айтты.

Ұлттық киім халықтың мәдениеті мен тарихының ажырамас бір бөлігі. Ертеде халқымыз адамның қоғамдағы орны мен беделін оның киген киім үлгісіне қарай ажыратқан.

Сонымен қатар облыстық өнер мұражайы жергілікті суретшілердің ұлттық киім тақырыбында салған туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Әр туындыда бейнеленген ұлттық киім үлгісінде автордың ой-қиялынан туған элементтер бар.

Мұнда келушілер назарына сонымен қатар күмістен соғылған ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар ұсынылды. Олардың әрқайсының өз тарихы, тағу мәдениеті бар. Бұл әшекейлер қазақ қыз-келіншектері киген киімге ерекше сән берген.

Бұдан бөлек облыстық кітапхана қызметкерлері «Ұлттық киім - ұрпаққа аманат» тақырыбында көрме әзірлеген.

Мұндай шаралардың берері мол. Сондықтан ұлттық дәстүрді сақтап, асыл мұраны насихаттау маңызды.