Енді өскемендік зейнеткерлер жап-жаңа орталықта бас қосып, бос уақыттарын пайдалы өткізе алады. Қарттарға қолдау көрсетіп, қоғамдағы белсенділіктерін арттыруды көздейтін орынның ашылу салтанатына облыс әкімі қатысып, тұсауын кесті. Бастысы, орталық келушілері дән риза.
Облыста 140 мың зейнеткер бар. Олар үшін аймақта 150 нысан жұмыс істейді. Белсенділіктерін бәсеңдетпей, қарттарды рухани, спорттық бағытта дамытуды көздеген орталықтарға 4 мыңнан аса адам барады. Енді бұл тізімге «Белсенді ұзақ өмір орталығы» қосылды. Жаңадан ашылған арнайы орында сана мен бойды сергек ұстау үшін барлық жағдай жасалған. Ашылуына келген облыс әкіміне зейнеткерлер алғыс айтып, қуаныштарын әнмен жеткізді.
Орталыққа өскемендік қариялар ғана емес, кез келген қалаған зейнет жасындағы адам келіп жазыла алады.
Қуантарлығы, облыстың әр аудан-қалаларында мұндай орындардың санының артып келе жатқандығы. Себебі, қызметтен кетсе де, қоғамдағы белсенділіктерін тоқтатпаған қарттарға осындай жер ауадай қажет. Ардагерлер кеңесіп алқалы жиын өткізеді, шығармашылықпен, спортпен айналысады.
Орталық өкілдерінің айтуынша, келушілер саны жоғары қарқынмен артып келеді. Әрқайсы қоғамға пайдалы болуды ұстаным еткен.
Белсенді ұзақ өмір орталығы Үкімет пен облыс басшылығының қарттарды қолдау саясатының арқасында ашылған. Әлеуметтік қызметкерлер осындай орындардың молдығы әсіресе, жастарға жақсы үлгі дейді.