Облыс орталығында «Өскемен аруы» байқауы өтіп жатыр. Мақсат – талантты бойжеткендерді анықтап, олардың шығармашылық жолын ашу әрі ұлттық дәстүрлерді насихаттау. Мұндағы қыздар тек байқауға қатысып ғана қоймай, өздерінің білімдері мен қарым қабілеттерін көрсете алады. Сұлулық сынындағы бас жүлде қоры – 1 миллион теңге.
Байқауға қатысуға Өскемен қаласы мен облысқа қарасты аудандардан 80-ге жуық қыз өтінім берген. Үміткерлердің көп болуына байланысты кастинг екі күнге созылды. Іріктеудің екінші кезеңі – 19 наурызда, үшінші кезең – 24 наурыз, ал финал 30 наурыз күні қаланың орталық алаңында орналасқан бас киіз үйдің алдында ұйымдастырылады.
Малика Азанбаева да мұндай байқауға алғаш рет қатысып отыр. Байқау жайлы әлеуметтік желіден біліп, өтінім жіберген. Ол – үш баланың анасы.
Кастинг барысында байқауға үміткерлермен сұхбат жүргізіліп, олардың сахнада өзін ұстауы, қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын білу деңгейі, дефиле және шығармашылық қабілеттері анықталып, бағаланды. Көптеген қатысушылар үшін бұл алғашқы тәжірибе.
Байқаудың қазылар алқасы бес адамнан тұрады. Олардың қатарында ШҚО әкімдігі жанындағы әйелдер істері жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі Зарина Камасова да бар. Ол байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және қатысушылардың өнерлі, жан-жақтылығын айтып, пікірін білдірді.
«Өскемен Аруы» – жай ғана сұлулық байқауы емес. Бұл – әртүрлі жастағы және кәсіптегі әйелдерді біріктіретін, олардың сан алуан қырын көрсетуіне мүмкіндік беретін, ұлттық дәстүрлердің қоғамдағы маңыздылығын айқындайтын шара.