Аймақтағы ауылдарды интернетпен қамту жұмыстары қарқынды. Өңірдегі 357 ауылдың 218-і қоғам игілігіне қосылған. Қалған 139 елді мекенге кезең-кезеңмен желіге қосу жоспарланған. Өткен жылы 45 ауылға интернет тартылды. Биыл Алтай ауданындағы Феклистовка ауылы мен Серебрянск қаласы сапалы байланыс пен жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылды.
300-ден астам халқы бар Феклистовка ауылында бұған дейін интернет желісі тартылмаған. Биыл ауылға антенналық бағаналы құрылғы орнатылып, тұрғындардың талайдан бері көтерген мәселесі игі шешімін тапты.
Интернеттің тартылуы ауыл тұрғындарына білім беру, медицина салаларында сапалы қызмет көрсетуге, мәдени шараларды ұйымдастыруға, қашықтан жұмыс істеуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік берді. Өткен жылы байланыс операторы өз қаражаты есебінен қажетті жұмыстарды іске асырып, Феклистовка ауылы мен Серебрянск қаласында антенналық бағаналы құрылғыны орнатты.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ал желіде ақау пайда болса мамандар бірден оның себебін анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Интернеттің тұрақты әрі сапалы қызметі жауапты мекеме қызметкерлерінің тұрақты бақылауында.