Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен кезекті облыстық әкімдіктің отырысы өтті. Алқалы жиында өңір үшін маңызды бірқатар мәселе қаралды. Оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының қазіргі жайы мен жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыға түсті. Облыс әкімі жобаларды мұқият зерттеп, нақты жоспар құру маңызды екенін атап өтті.
Биыл облыстық және аудандық маңызы бар 339 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл туралы Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов айтты. Оның айтуынша 5,2 млрд. теңге жолдар мен көпірлерді салу және реконструкциялауға бөлінген. Оның ішінде Сәтпаев және Жібек жолы даңғылдарының қиылысында көлік айрығы, Пермитин және Славский жағалауы көшелерінің қиылысында жолайрық салу, Күршім ауылын айналып өтетін жаңа жолдың құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, Глубокое ауданындағы Бобровка ауылында инфрақұрылым жаңартылып, Риддер қаласындағы Громотуха өзені арқылы өтетін көпір қайта жөнделеді. Бұдан бөлек, Өскемен- Тарханка -Топиха- Черемшанка облыстық маңызы бар жолын қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
Бұдан бөлек, жиында 2026 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар барлық бүлінген жол учаскелері жөндеу жұмыстарынан өтетіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, жыл сайын шет елден келетін туристердің саны артқандықтан жол бойында қосымша санитарлық-гигиеналық тораптар салу мәселесі қарастырылуда.
Жиында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі жол сапасы сын көтермейтінін, қажетті шаралар қолға алынса да нәтиженің жоқтығын алға тартты. Жауапты мекеме басшыларының қызметіне көңілі толмайтын айтты.
Сонымен қатар, Нұрымбет Аманұлы қала әкіміне мердігер компаниялармен тікелей жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Өскемен әкімі, өз кезегінде, облыс орталығындағы жолдардың сапасын жақсарту үшін жауапты мекемелер мен мердігерлерге нақты тапсырмалар беріп, бақылауды күшейтетінін жеткізді.