Наурызды аудан, ауылдарда дүркіретіп тойлады. Риддер қаласының орталық алаңына жиылған жұрт, мейрам көркін қыздырды. Киіз үйлер тігіліп, халыққа наурыз көже таратылды. Кеншілер қаласына әріптесім де барып қайтты.
Орталық алаңдағы дүбірлі думан жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасынан басталды. Ауа –райы да әр жанның көңіліне шуақ сыйлап тұрды. Ал әз-Наурызды тамашалауға жиналғандардың қарасы тіптен қалың. Қала тұрғындары мен қонақтары ақжарма тілектерімен бөлісті.
Бұл күні халық әндері шырқалды. Мың бұралған бишілер би биледі. Мерекелік шарада «Наурыз таңы» атты театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Қала әкімі Думан Рахметқалиев риддерліктерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Орта Азия халықтарының жыл басы, әрі көктем мейрамы саналатын халықтық мереке сән-салтанатпен атап өтілді. Риддерліктер Наурыз мерекесін шад-шадыман көңіл күйде қарсы алды.