Ұлыстың ұлы күнін Самар ауданы тұрғындары да кең көлемде атап өтті. Аудан тұрғындары үшін ұлттық тағамдар дайындалып, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Шараға әріптестерім де куә болып қайтты.

Самар ауданында наурыз мейрамы орталық алаңда тойланды. Аудан әкімі Серік Жеңісов құттықтау сөз сөйлеп, бұл мерекенің халқымызды біріктіретін, рухани құндылықтарды дәріптейтін ерекше күн екенін атап өтті.

Атақты «Музарт» тобының мүшесі, танымал әнші Кенжебек Жанәбiлов ән шырқап, самардағы мерекенің көркін қыздырды. Көпшілік сүйікті әндерін қосыла шырқап, естелік суретке түсті. Бұдан бөлек, мерекеге Семей қаласынан арнайы келген өнерпаздар да қатысты.

Наурыздың басты дәстүрлерінің бірі – көже үлестіру де назардан тыс қалмады. Мерекеге тігілген киіз үйлерде ұлттық тағамдар мен ыстық шәй ұсынылды.

Ұлттық ойындар тартысқа толы болды. Балалар ойын ойнап, қол күрестен, ересектер қазақша күресте күш сынасып, арқан тартысты.

Ерекше әсер сыйлаған Наурыз мерекесі көптің есінде талай уақытқа қалатыны сөзсіз.