Аймақта интернет алаяқтық әлі тиылмай тұр. Жыл басынан бері 200-ге жуық азамат қаскөйлердің құрбанына айналған. Ақпараттық технология жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, елдің қалтасына түсетіндерден қорғану жолын өңірдегі полиция департаменті тұрғындарға үйретіп жатыр. Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта алдын алу жұмыстарында күшейткен.


Интернеттегі алаяқтық – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, алаяқтардың арбауына түсіп, шығынға ұшырағандар саны азаймай тұр. Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін түрлі сақтық шаралары қолға алынуда. Осы мақсатта полиция қызметкерлері арнайы оқу бағдарламасын әзірледі. Кез келген азамат осы курсқа қатысып, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін меңгере алады.


С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері үшін полиция қызметкерлері алғашқы «Кибертрон» курсын өткізді. Бұл курс жастарға киберқылмыс пен интернеттегі алаяқтықтан сақтанудың жолын үйретеді.


Семинар барысында студенттер ұйымдастырушыларға өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Ал құқық қорғау органдарының өкілдері интернет арқылы алдау-арбау әдісі түрленгенін айтады. Сондықтан тұрғындарға сақ болып, күмәнді қоңырау мен хабарламаларға алданып қалмау үшін ақпаратты нақтылауды ескертеді.