Әлемде атом энергетикасына деген қызығушылық артып келеді. Сол мақсатта «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы табиғи уран өндіру бойынша алдағы 10 жылға арналған жаңартылған даму стратегиясын бекітті. Мемелекет басшысының тапсырмасына байланысты компанияда минералдық ресурстық базаны кеңейту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Өткен жылды табысты қорытындылаған компания 23 мың тоннадан аса уран өндірген. Ел бюджетіне 723 миллиард теңгеден астам салық аударған.
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы өткен жылы Түркістан облысында шамамаен 170 мың тонна болжамды әлеуеті бар уранды барлауға жаңа лицензия алды. Бұдан бөлек, Ақтөбе, Абай, Ұлытау облыстарында осы бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Өткен жылы әлемнің 8 еліне өнім саудалаған. Бұл жұмыстар халықаралық қатынастарды нығайтып, экспорттық әлеуетті артыра түсері анық.
Компания сонымен қатар өндірістік қауіпсіздікке айрықша көңіл бөледі. Осы мақсатқа 2024 жылы 13 миллиард теңге жұмсалса, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларға 1 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылды. Ғылымның дамуына, түрлі зерттеулер жүргізуге де барынша көңіл бөлінеді. Өндірістік процестерді автоматтандыру үшін екі робототехникалық кешен жасалған. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету де басты назарда.