Өскеменде оқушылар арасында IT – чемпионат өтті. Додаға алыс-жақын аудандардан 18 команда қатысты. Сайыс дарынды оқушыларды анықтау, шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Биыл сегізінші жыл ұйымдастырылып отырған шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Ол дарынды оқушыларды қолдауға арнайы келді. Аймақ басшысы өңірде IT саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Әрі бұл біріншіліктің ауқымы кеңейгенін де тілге тиек етті. Шығыстағы әр аудан, қаладан жиналған 244 оқушы өзара кім мықтыны анықтады. Жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлініп, «Бағдарламалау», «3D үлгі» және «Робототехника» бағыттары бойынша бақ сынады. Әрбір оқушыға жеке тапсырма берілді. Сайыс талабы бойынша қатысушылар тапсырманы 4 сағаттың ішінде орындауы қажет.

Қатысушыларды қолдауға олардың жетекшілері де арнайы келген. Әр команда жарысқа тыңғылықты дайындалып, өз жобаларын қорғауға барын салды. Жетекшілер шәкірттерінің әр қадамын бақылап, бағыт-бағдар беріп отырды. Жас өнертапқыштар техникалық шеберліктерін паш етіп, роботтар аренада күш сынасты. Бағдарламалау бағытында да үздік нәтижелер көрсетілді. Қазылар алқасы қатысушылардың креативті ойлау қабілеті мен техникалық сауаттылығын жоғары бағалады.

Чемпионаттың мақсаты – оқушылардың техникалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, жаңа идеялар мен жобаларды қолдау. Жарыс дарындарды анықтап, олардың ақпараттық технологиялар саласындағы білімдерін арттыруға бағытталған.

Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Алдағы уақытта үздік командалар республикалық кезеңде бақ сынасады. Бұл чемпионат тек өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық ауқымда да дарынды балалардың талантын танытуға мүмкіндік береді.