Соңғы жылдары қыздардың спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, волейбол спортында жетістікке жеткендері аз емес. Алды облыстық құрама сапында өнер көрсетуде. Жуырда Күршім ауданында 2014-2015 жылы туған қыздар арасында волейболдан ашық біріншілік өтті. Оған Күршім, Самар, Марқакөл, Зайсан, Үлкен Нарын аудандарының командалары қатысты.

Мұндай тартысты жарысқа қатысқандар арасында бірінші рет бағын сынап келген командалар да бар. Десе де талпыныс жақсы. Бұл спорт түріне деген қызығушылықтары шеберліктерін одан әрі шыңдай түсулеріне септігін тигізері анық. Сондықтан болар осы сияқты кездесулер олардың тәжірибе жинауларына мол мүмкіндік береді.

Бүгінде Күршім ауданындағы көпсалалы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 200-ге жуық қыз бала волейболды жанына серік еткен. Мұндағы жаттықтырушылар бала деңгейі мен талабына қарай оларға барынша қолдау көрсетуге тырысады. Түрлі жарыстарға қатысады.

Мәселен, Күршім құрамасының екі ойыншысы биыл 20-26 наурыз аралығында Түркістан қаласында 2012-2013 жылғы қыздар арасында волейболдан өткен ел чемпионатына қатысты. Жарысқа 18 команда, 252 спортшы барды. Қорытынды есеп бойынша облыс құрамасы турнир жеңімпазы атанды. Сол тартысты додада өнер көрсеткендердің бірі – Томирис Аязбаева. Оған алғашқы чемпионаттағы жеңісі үшін «Үздік спортшы – 2025» жүлдесі берілді.

Томирис Аязбаева болашақта әлі талай жарыстарда топ жаратыны анық. Бала бойындағы қабілетті байқап, оған жол көрсеткен ата-анасы да оған сенім артып отыр.

Дәл осындай спорт мектептерінде болашақ чемпиондар тәрбиеленіп жатқаны анық. Бастысы мақсат айқын, талап биік. Ал ауданаралық біріншілікте бірінші орынды Күршім құрамасы еншіледі.