Күршім ауданында айналма жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айналма жол ауданға кіре берістен басталып, ескі әуежай маңында аяқталатын жолмен Өскемен, Күршім, Марқакөл, Зайсан аудандарына қатынайтын барлық көлік түрі жүретін болады. Бұл жол аудан орталығындағы негізгі жолмен жүретін көлік ағынын бәсеңдетіп, инфрақұрылмды дамытуға септігін тигізеді.

Қазіргі кезде мұндағы жұмыс қызу. Техниканың алды жолдың негізін салып, топырақты тегістеуде. Енді бірі тас төсеп, оны нығыздауда. Ауыр техниканы меңгерген мамандар өздеріне берілген жұмысты тап-тұйнақтай етіп істеп жатыр.

Өткен жылы облыстық бюджеттен 201 млн. теңге қаржы бөлініп, ол толық игерілді. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылуда. Сегізшақырым жол тағаны салынды.

Ал жол құрылысының барысы мен сапасы қатаң бақылауда. Бұл жоба аудан халқының өмір сүру деңгейін арттырып, ауыл ішіндегі жол сапасын жақсартуға ықпал етеді. Күршімнің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізері анық.