Шығыс Қазақстан облысында жаңа гематологиялық орталық салынуда. Қазір құрылыс алаңында жұмыс қызу. Бірегей кешен биыл қолданысқа беріледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Өскеменге жұмыс сапары кезінде айтылды. Министр өңірдегі медицина колледжіне барып бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Әріптесім Бекарыс Секен рет-ретімен.

Денсаулық сақтау министрінің сапары медицина колледжінен басталды. Оқу орнының материалдық - техникалық базасын түгел қарап шықты. Жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Бүгінде медицина колледжінде екі мыңнан астам студент білім алады. Кәсіби мамандарды даярлайтын бірегей оқу орны 90 жылдық мерейтойға дайындық үстінде.

Министрдің сапары Өскемен қалалық №2 емханасында жалғасты. Ақмарал Әлназарова медициналық мекеменің ішін аралап, дәрігерлермен жүздесті. Кездесу барысында алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажет-деді.

Денсаулық сақтау министрі жаңа Гематологиялық орталықтың құрылысымен танысты. Жаңа кешен заманауи құрылғылармен қамтылған. Қан аурулары мен жүрек-қан тамырлары жүйесі дертін ерте анықтап, емдеуге қажетті жағдай жасалады. Құрылыс алаңында Денсаулық сақтау министрі мен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның негізгі аспектілерін талқылады.

Жаңа кешен бірнеше корпустан тұрады. Қазіргі таңда шатыры мен терезелері орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Нысан іске қосылған соң өңірде ғана емес, республика бойынша медициналық көмектің сапасы едәуір артады.