Қоғамда әр мамандық бағалы. Көзін ашқалы көліктің түр-түрін тізгіндеген Ермек Букеев өз ісінің шебері. Күршімдегі 4 мектептің оқушыларын күнделікті сабаққа тасиды. 23 жыл автобус жүргізіп келе жатқан ол үшін жолаушылардың қауіпсіздігі басты орында. Кез келген сәтте сақтық пен жауапкершілік танытуы керек.

Ермек Букеевтің күнделікті жұмысы таңғы сағат 7 басталып, кешкі 8 аяқталады. Күн сайын белгілі бір кесте бойынша үйреншікті бағытымен жол жүреді. Аудан орталығындағы 4 мектепке бірнеше ауылдан оқушыларды әкеледі. Сабақ аяқталғанда мектеп алдынан тосып алып, үйлеріне жеткізеді.

Ермек Букеев осылай оқу жылы аяқталғанша тыным таппайды. Жұмысы да өзіне ұнайды. Ең алғаш тракторды тізгіндеген ол кейіннен түрлі маркалы автобустарды жүргізген. Саналы ғұмыры жол үстінде жолаушы тасымалдаумен өткен азамат бұл менің жүрек қалауым, - дейді.

Пейілі ақ, көңілі дархан, жүрегі кең азамат әр баланың тілін табады. Керек кезде балаша тілдеседі. Ағалық, әкелік қамқорлығын аямайды. Балалар да оны жақсы көреді.

Бұл №3 Күршім гимназиясы. Білім ордасында 410 оқушы бар. Балаларды тасымалдайтын жаңа автобус осы мектеп балансында. Ермек Букеевтің де осында еңбек еткеніне біраз жыл болған. Еңбегімен ерленген азамат өзіне жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен орындайды.

Ермек Букеевтің өз ісіне деген адалдығы пен мамандығына деген құрметі ерекше. Сондықтан ортасына сыйлы, өзгелерге үлгі.