Ұстаз - адамзаттың ең қасиетті, ең қадірлі мамандығы. Ал шәкірт тәрбиелеу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын педагогика саласымен байланыстырған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес. Сондай жандардың бірі - Майра Бейсеқанова. Биыл оның еңбек жолына елу жыл толып отыр.

Қарапайым жұмысшыдан басшылық дәрежесіне дейін көтерілген Майра Бейсеқанова, тәжірибелі ұстаз, білікті маман ретінде жақсы таныс. Жарты ғасырлық еңбек жолы ешқашан ұмыт қалған емес. Бәрі ел есінде. Айыртау ауылында өткен игі шараның ашылуы аудан әкімінің марапатымен басталды.

Кеш иесінің мерейтойына ұстазы Құмарғазы Қалиев келіп, өз ризашылығын білдірді. Ол шәкіртінің еңбегі мен адамдық қасиеттерін ерекше атап өтіп, жетістіктері үшін мақтанатынын айтты.

Бүгінде Майра Бейсеқанова ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Балбөбек» бағдарламасының тең авторы және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Мейірімі мен парасаты үндескен осындай жандар қоғамымыздың нағыз алтын діңгегі.

 «Үміт» балалар үйінің негізі қаланған сәттен бастап Майра Бейсеқанова - мекеме директоры. Бүгінде қанатының астынан түлеп шыққан шәкірттері түрлі салада жетістікке жеткен. Оған дәлел «Х-Фактор» жобасының бас жүлде иегері Евгений Выблов.

Майра Баймұқанқызы нағыз басшының, мейірімді және дана адамның үздік үлгісі. Бүгінде елу жылдық мерейтой жарты ғасырлық қажырлы еңбектің жемісі, әрі ұлы ұстазға көрсетілген лайықты құрмет.