Өскеменде дәстүрлі «Таза ойындар» акциясы басталды. Акция қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтауға үндейді. Экологиялық акцияны қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Ойынға барлығы 21 команда қатысты. Олар бір сағатта шыны, пластик, металл қалдықтарды қапшықтарға салып, алып келуі керек. Жеңімпаз қоқыс салмағына қарай анықталады. Белсенділер алдымен көңіл сергітіп, жаттығу жасап алды.
Қатысушылар мұндай шаралар жастар арасында экомәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтады. Себебі, қоршаған ортаның тазалығына әр адам жауапты.
Сенбілікте 2,5 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге жарамдылары өндіріске жіберіледі. Жеңімпаз командаларға қомақты қаржылай сертификат табысталды.
Қоршаған ортаны таза ұстап, экологияға ұқыпты қарауға шақыратын мұндай шаралар легі облыстың барлық аумағында жалғасын таппақ.