Аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында қолға алынған бастамалар көп. Күні кеше бұл жоба аясында Глубокое ауданы, Белокаменка ауылында жаңа медициналық пункт қолданысқа берілді. Ауыл халқының қуанышына арна әріптестері де кәу болып қайтты.
Енді Белокаменка тұрғындары сапалы медициналық көмекке дер кезінде қол жеткізе алады. Бұл нысан «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасы және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында салынды. Белокаменка ауылының халқы 400-ге жуық. Оның ішінде 14 адам диспансерлік, 14-і қан қысымы бойынша, 17 адам онкологиялық есепте тұр.
Медициналық мекеме қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілген. Мұнда скринингтік тексерулер өткізіліп, алдын алу шаралары мен тұрғындарды сауықтыру жұмыстары да жүргізілетін болады. Ауыл тұрғындары көптен күткен нысанның пайдалануға берілгеніне қуанышты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 18 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары сәтті аяқталды. Олардың қатарында Глубокое, Алтай, Тарбағатай, Зайсан, Катонқарағай және Ұлан аудандарындағы елді мекендерде орналасқан жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялар бар.
Бұл бастама – ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартудағы маңызды қадам. Бұл жоба аясында медициналық көмектің қолжетімділігі артып, ауылдағы өмір сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.