Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен «Кемелдікке бастар бес қадам» атты республикалық ата-аналар форумы өтті. Шараға білім беру ұйымдарының өкілдері, ата-аналар, психологтар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Форумда ата-аналар өзара тәжірибе алмасуып, қоғамдағы бала тәрбиесіндегі түйіткілді мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Форумның мақсаты - ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен қоғамдағы бес кеселдің - есірткі, құмар ойын, интернет тәуелділік, зорлық-зомбылық, немқұрайлықтың отбасы мен бала тәрбиесіне әсерін саралап, оның шешу жолдарын ата-аналармен бірлесе талдау. Себебі, отбасы институты – ұлттың айнасы. Ата-ана, ұстаз, қоғам үштағаны біріккенде ғана жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріледі.

 «Білім-инновация» лицейлері жас өрендерге білім мен тәрбие беру әдістерін жүргізуде көпке үлгі. Ұлы ойшыл әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте оқушының бойына құндылықтарды сіңіру үшін ұстаз бен ата-ана ортақ мақсатта бірігуі керектігін айтады.

Форумға еліміздің басқа қалалары мен шетелден арнайы келген қонақтары да ұлттық құндылықтардың тәрбиедегі орнына ерекше тоқталды. Алқалы жиында сөз алған қырғызстандық ғалым Қиялбек Ақматов қазақстандық тәжірибені өз елінде қолдануға ниетті. Ол ұрпақты жат ықпалдан сақтау – ұлттың аманатын қорғау деген пікірде.

Форум қонақтары өз баяндамаларында бала тәрбиесінің қоғамдағы мәні мен маңызына тоқтала келе жиынды өткізуге қолдау білдірген Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Ал шараға жиналған қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа тәсілдермен танысты. Мұндай кездесулер ұрпақ тәрбиесіне жауапты жандарды ортақ мүддеде біріктіре түсетіні сөзсіз.

 «Кемелдікке бастар бес қадам» атты республикалық ата-аналар форумында айтылған пікірлер мен ұсыныстар бір күндік шарамен шектелмейді. Олар қоғамға қозғау салып, ата-ана мен ұстазды жаңаша ойлауға жетелейді. Кемел ұрпақ – кемел ойдан басталады.