15 сәуір - ғашықтар күні. Елімізде бұл күн әйгілі «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» эпосының кейіпкерлеріне байланысты белгіленген. Осыған орай қалалық жастар ресурстық орталығы романтикалық кеш ұйымдастырды. Жастар ән айтып, өз өнерлерін халыққа ұсынды.
Ерекше күнді алғаш рет 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған. Бүгінде ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүріне негізделген жаңа мерекеге айналды. Арбатта өткен «Махаббат street» деп аталған романтикалық концерт облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылды.
Мерекенің Қозы Көрпеш - Баян сұлу күні деп аталуының өзіндік себебі бар. Қос жұп нағыз махаббат пен кіршіксіз сезімнің айқын символы. Кештің көркін қыздыру үшін алаңда ән айтылып, романтикалық базар орнатылды. Сүйіктіңізге арнап түрлі тәттілер мен естелік сыйлықтар, гүл шоқтарын алуға мүмкіндік туды.
Мерекелік кешке келгендердің дені - жастар. Арасында қол ұстасып келген ғашықтарда көп болды.
Бұл мейрам - махаббаттың мәңгілік құндылық екенін тағы бір дәлелдегендей. Ал қала тұрғындары бұл мерекеден ұмытылмас әсер алып, келесі жылы да дәл осындай кештің жалғасын күтетіндерін айтты.