С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде инклюзивті білім беру саласына мамандар даярлау жүйесі жолға қойылған. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері танысты. Журналистерге ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдауға арналған ғылыми жобалар таныстырылды.
«Dana Bala» орталығында сөйлеу қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істеудің жаңа әдістері енгізілген. Мамандар ата-аналар мен тәрбиешілерге арналған түрлі әдістемелік құралдар әзірледі. Мәселен, Инара Бектұрғанова мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларға арналған авторлық әдістеме жасап шыққан. Жоба тыныс алу, артикуляциялық және нейрожаттығулар арқылы баланың дамуына тікелей әсер етеді.
Университет жанынан ашылған «Dana Bala» орталығы үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда білім мен ғылым, психология мен медицина өзара ұштасып, инклюзивті білім берудің маңызды мәселелері шешімін табуда. Болашақ мамандар тәжірибе жинап, ерекше балаларға кәсіби көмек көрсете алатын деңгейде білім алады. Орталық ерекше білім алушыларға да тұрақты қолдау көрсетеді.
Университеттің ғылыми ұжымы ерекше балаларға арналған оңалту құралдарын жасап шығаруда. Олардың дамуына сеп болатын арнайы ойыншықтар да әзірленіп жатыр.