Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Алтай ауданына барды. Аймақ басшысы су басу қаупі бар аумақтарды аралап, мамандардың төтенше жағдайларға дайындығын тексерді. Бұдан бөлек, облыс әкімі жаңадан салынған мектептің ашылуына да қатысты.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары аясында ең алдымен Жаңа Бұқтырмада қолданысқа берілген мектептің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл нысан жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш. Бұған дейін оқушылар бұрынғы балабақша ғимаратында білім алып келген. Ал, ондағы жағдай талапқа сай болмаған. Енді балалар үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи мектеп қолжетімді.
Екі жүз оқушыға арналған оқу орны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Мектептің іші жарық әрі кең, оқу кабинеттері керекті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда ойын және демалыс алаңы да қарастырылған. Инклюзивті орта қалыптастыру мақсатында ғимаратта лифт орнатылған.
Одан кейін өңір басшысы Берёзовка өзеніндегі бөгеттер мен көпірді, Алтай қаласында салынып жатқан жаңа өрт сөндіру депосын аралады. Бұл – заманауи және қолайлы кешен болмақ. Мұнда қызметкерлер үшін барлық қажетті жағдай жасалады. Жаттығу залы, оқу кешені, воркаут алаңы мен шағын футбол алаңы да қарастырылған.
Сапардың соңғы нүктесі – Вторушка өзеніндегі шандораларды тексеру мен су тасқынына дайынтықты тексеру болды. Шандоралар – су ағынын басқаруға арналған металл құрылғылар. Оларды қолмен де, автоматты түрде де реттеуге болады. Қазіргі таңда барлық шандоралар ақаусыз жұмыс істеп тұр, құбырлар тазартылған, механизмдер жарамды. Алтай ауданында 105 адам мен 44 техникадан құралған жедел әрекет ету тобы жұмыс істейді.
Төтенше жағдай қызметтерінің үйлесімді жұмысы мен уақытылы әрекет етуі – табиғи апаттардың алдын алудағы басты шарт, дейді жауапты мамандар.