Өскеменде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ерекше форматтағы шара өтті. Танымдық-интеллектуалды ойынға өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Шараның мақсаты - жас буынға қаржылық қауіпсіздік негіздерін, жеке қаражатты тиімді басқару мен алаяқтықтан қорғану тәсілдерін үйрету.

Облыс орталығында 7-11 сәуір аралығында жоғары оқу орындары мен колледждерде қаржылық сауаттылыққа арналған семинарлар өтуде. Мамандар қаржы пирамидаларының қаупі, жеңіл табысқа қызығудың салдары және кибершабуылдан қорғану жолдарын түсіндірді. Жалғасын тапқан игі шаралардың бірі-«Қаржылық қауіпсіздік - quiz ойыны».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек теориямен шектелмей, практикалық тұрғыдан да пайдалы екенін айтады. Бұл – жастарды қаржылық тұрғыда сауатты болуға, өз капиталына жауапкершілікпен қарауға баулитын тиімді әдіс.

Жеті кезеңнен тұратын сайыс қызықты әрі тартысты өтті. Түрлі сұрақтар барысында студенттер өз білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін және топпен жұмыс істеу дағдыларын көрсетті. Бұдан бөлек, жастар қаржылық қауіпсіздік тақырыбына арналған креативті сурет көрмесінде өз өнерлерін ортаға салды.

Бүгінгі жастар - ертеңгі ел экономикасының тірегі. Сондықтан олардың қаржылық сауаттылығын қалыптастыру - қоғамның тұрақты дамуына жасалған маңызды қадам. Ал «QUIZ» ойыны осы бағыттағы тың бастамалардың бірі.