ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың тапсырмасына сәйкес, еліміз бойынша 125 вокзал күрделі жөндеуден өтеді. Ауқымды жоба аясында жұмыстар барлық өңірде бір мезгілде басталып, бір жылдың ішінде толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Шығыс Қазақстан облысы бойынша бұл тізімге бес вокзал енді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов «Өскемен-1» теміржол вокзалында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жөндеу жұмыстары тек облыс орталығымен шектелмейді. Аймақтағы өзге де маңызды нысандар – «Алтай», «Күмістау», «Риддер» және «Шемонаиха» станциялары да ретке келтіріледі. Жауапты мердігерлер анықталған.

 «Өскемен-1» вокзалы тәулігіне мыңнан астам жолаушыны қабылдайды. Алайда бүгінге дейін мұнда ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін вокзалдың өткізу мүмкіндігі артып, заманауи күту залдары, интернет желісі, ақпараттық жүйелер мен түрлі қызметтер қолжетімді болады. Бұл өңірдің экономикасына оң серпін беріп, ішкі туризмнің дамуына да жол ашады.