ҚР Қарулы Күштерінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты, халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Отан алдындағы борышын өтеген 400-ден астам сарбаз үйлеріне аттанды.

Олар бір жыл бойы күрделі әскери техникалардың қыр-сырын меңгеріп, жұрттың тыныштығын көз ілмей күзетті. Қатал тәртіп пен қатаң талап жігіттерді ширатып, шымыр әрі ширақ қимылға үйретті.

Әскери бөлімде отан алдында борышын өтеген шығысқазақстандық жігіттерде бар. Сарбаздар санаулы сағаттардан соң ауылдарына қайтады. Жүрегі алып-ұшып тұрғанымен, бір жылын бірге өткізген достарын қимайды. Қала іргесіндегі 27943 әскери бөлімінде осыған орай игі дәстүр сақталған. Сарбаздардың ата-аналары арнайы шақыртылып, перзенттерімен бірге тал егеді.

Шара соңында сарбаздар сап түзеді Олар өз бөлімшелерімен қоштасып, жаңа өмірге қадам басты. Әскери бөлім басшылығы сарбаздарға алдағы сапарларына сәттілік тіледі. Бір жыл ішінде алған дағдылар, тәртіп пен тәжірибе әрбір әскери қызметшінің өміріндегі одан әрі жетістіктер үшін берік негіз болатынына сенім білдірді.

Сарбаздар бүгін салтанатты саппен қоштасып, өмірлеріндегі маңызды кезеңді артта қалдырды. Әскери борыш – абыройлы іс. Алда оларды асқақ шыңдар мен тың мүмкіндіктер күтіп тұр.