Oskemen Hub базасында ауылдық округ әкімдеріне арналған қайта даярлау курсы басталды. Осы мақсатта түрлі шеберлік сағаты өтуде. Мемлекеттік қызметшілер заманауи технологиялар мен басқару жүйесіндегі цифрлық тәсілдерді дамыту бойынша ақпарат алды.
Семинар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Әкімдер мектебі» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарлама 17 оқу модулін қамтиды. 240 академиялық сағатқа есептелген. Мақсат - басқарушылық дағдыларды дамыту, инвестициялармен жұмыс істей білу, бюджетті тиімді жоспарлау.
Шарада Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттер және технологиялар трансфері орталығының басшысы Руслан Четтікбаев пен Oskemen Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы сөз сөйлеп, бар білгендерін үйретті.
«Әкімдер мектебі» бағдарламасын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының әр өңірдегі филиалы іске асырады. Қайта даярлау курсы мамырға дейін жалғаспақ.