Аймақта су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды. Қазсушардың аймақтағы филиалы қарамағындағы нысандарды үздіксіз бақылап отыр. Күнделікті мониторинг те жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында мекеме басшысы айтты.
«Қазсушар» РМК ШҚОФ теңгерімінде «Үйдене», «Қандысу» және «Алебастр» су қоймалары, 7 су торабы және 43 магистралды каналдары бар. Қазіргі таңда барлық құрылғылар транзиттік режимде жұмыс істеуде, су деңгейі тұрақты бақылауда.
«Қандысу» су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылдң мамыр айында басталған. Су шаруашылығы комитеті мен «Қазгипроводхоз институты» арасында шарт жасалып, топографиялық және геологиялық зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта жобаның графикалық бөлімі әзірленіп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттаманы биылғы жылдың екінші тоқсанында сараптамадан өткізу жоспарланған. Ал су тасқыны жағдайын бақылау және болжау мақсатында цифрлық технологиялар қолданылуда.
Жалпы облыстағы су деңгейі жіті бақылауда. Қажетті шаралар қолға алынған. Нысандарға тәулік бойы мониторинг жүргізілуде, дейді жауапты сала өкілдері.