Облыстық мәслихаттың кезекті жиырмасыншы отырысы өтті. Жиынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. 2024 жылғы облыс бюджетін игеру туралы жылдық есеп, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру барысы, тұрақты комиссияның есебі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер.

2024 жылғы көрсеткіш бойынша өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз. 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жалақының орташа мөлшері 378 мың 500 теңгеге жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін экономика көлемін екі есеге арттыру міндетін қойған болатын. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін өңірге биыл 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту көзделген.

Агроөнеркәсіп саласында 22 миллиард теңгеге 15 жоба жүзеге асты. Алты сүт-тауарлы ферманың құрылысы аяқталып, 4 мың ірі қараға арналған кешен пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, су үнемдейтін технологияны енгізуге арналған 5 жоба іске қосылды. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінген. Биыл 3 млрд. теңге қарастырылды.

Отырыста облыстық бюджеттің игерілуі туралы есеп тыңдалды. Былтыр аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын байқалды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы кей салада қаражатты қайта бөлуді ұсынды.

Бұдан бөлек, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер талқыланып, мәслихаттың өткен жылғы шешіміне бірқатар толықтырулар енгізілді.