Киберқауіпсіздік - азаматтарды алаяқтардан және кибер шабуылдардан қорғауда маңызды рөл атқарады. Сақтық шараларын елемеудің салдарынан жыл басынан бері 200-ге жуық азамат қаскөйлердің құрбанына айналған. Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті мен Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ бірлесе отырып, «Кибертрон» оқу семинары аясында ашық лекция ұйымдастырды.
Мамандардың айтуынша, елде жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркеледі. Бұл мәселені шешу мақсатында құқық қорғау органдары цифрлық қауіпсіздік курсын енгізді. Бұл жоба жастарға киберқылмыс пен интернеттегі алаяқтықтан сақтанудың жолын үйретеді.
Киберқұқық қорғау - бұл жеке деректерді қорғауға бағытталған шаралар кешені. Бүгінгі таңда жеке деректерді алып, оны пайдакүнемдік мақсатта пайдалану үшін түрлі интернет-алаяқтық түрлері бар. Олардың ішінде ең танымалдарының бірі - фишинг. Бұл - жалған сілтемелер, олар арқылы құрылғы бұғатталып, тиісінше жеке деректер ұрланады.
Семинар барысында студенттер ұйымдастырушыларға өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Ал құқық қорғау органдарының өкілдері интернеттегі алаяқтық әдістері өзгеріп, дамып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан жастарға сақ болуды, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу керектігін айтты.