Өңірде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жоспарға сай ерте басталды. Мәселен, су басу қаупі басым ауданның бірі - Күршімде «Көктем - 2025» су тасқынын алдын алу шараларының тізімі ақпанда бекітіліп, наурыздан бастап жоғары дайындық режиміне көшкен. Аудандағы Маралды, Қалғұты, Күршім өзендерінің арналары қоқыстан тазартылып, жағалуына бөгет орнатылды. Дегенмен жергілікті билік Күршім өзенінің тасуы әлі алда деп отыр. Бұл табиғи құбылыс мамыр айының аяғына дейін жалғасуы мүмкін. Бүгінде барлық ауылдық округ әкімдеріне тапсырма берілген. Жедел топтар құрылып, инертті материалдар мен құм салынған қаптар дайын.

Ауданда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Жұмысшылар әкелінген құмды қапқа салып дайындауда. Қандай да бір төтенше жағдай орын алса барлығы сақадай сай тұруы керек.

Жергілікті билік биыл жазықтағы қар жерге сіңіп, аулаларды су басу дерегі тіркелмегенін айтады. Дегенмен, Маралды, Бурабай ауылдарында қар әлі толық ерімеген. Сондықтан екінші толқынға дайындықты барынша нығайтуда.

Күршім ауданы бойынша бес елді мекенде су тасқынына қатысты жағаны бекіту жұмыстары жоспарланған. Соның бірі - Төретоған учаскесі. Бұл Күршім өзенінің ауыл ішімен өтетін бір арнасы. Сондықтан көтемде мұз кептелісі болмас үшін алдын ала жару жұмыстары жүргізіліп, арнасы тазартылды. Жағалау биіктетіліп, бөгет орнатылды.

Бүгінде аудан бойынша 19 көпір тазаланды. 441 су өткізгіш құбырлар арнасы ашылды. Бұдан бөлек, қажетті техника саны жеткілікті. Жергілікті билік кәсіпкерлермен арнайы келісімшартқа отырып, қосымша 135 техника дайындады.

Төтенше жағдай орын алса қажетті азық – түлік қоры мен қосымша жанар-жағар май сатып алуға қаржы қарастырылған. Қазірдің өзінде 8 тонна жанар май бар. Эвакуациялық пунктер де талапқа сай. Қауіпті аймақтар қатаң бақылауда.