Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған жолдауында «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз»-деген болатын. Президент пәрменінен кейін елде аталған саланы жетілдіру, оны түбегейлі жаңа бағытта дамыту ісі қолға алынды. Аталған бастама шығыста да сәтті іске асырылуда. «AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанаты облыстағы жас ғалымдармен кездесті.
Кездесуге келген жас ғалымдар, облыстағы жоғары оқу орындарының оқытушылары алдымен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылыми орталықтарына экскурсия жасады. Күн сайын дамыған технология дәуірінде ғылымсыз алға жылжу мүмкін емес. Ал оның ілгерілеуінде жастардың үлесі зор. Осы мақсатта елде жас ғалымдарға қолдау артып келеді.
Жас ғалымдарды қолдау – болашаққа жасалған инвестиция. Алмас Әмірханов мектеп қабырғасынан бастап ғылыми жұмыстармен белсенді айналысады. Бүгінде ол ЖОО-да оқып жүріп, бірнеше жобаларды қолға алған. Соның бірі пластикалық қалдықтарға байланысты.
Шараға қатысушылар «Қазақстан ғылымындағы жас ғалымдардың рөлі» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстел басына жиналды. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы төрағасы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, ғылымды дамыту –партия жанындағы әйелдер қанаты жұмысының 10 басым бағыттарының бірі.
Кездесу соңында жас ғалымдар «AMANAT» партиясы қатарына қабылданды.