С.Аманжолов атындағы ШҚУ-де қаржылық қауіпсіздік бойынша ұлттық олимпиада аясында форум өтті. Шараның мақсаты – жастарды қаржылық сауаттылыққа баулу, оларға алаяқтардан сақтанудың жолын үйрету.

Форум барысында жастарға алаяқтықтың түрлері түсіндіріліп, нақты ақпараттар айтылды. Мамандар тәжірибеге сүйене отырып студенттермен жұмыс істеді. Қаржылық сауатсыздықтың салдары туралы айтты. Қатысушылардың сөзінше мұндай шаралардың берері мол.

Соңғы жылдары алаяқтардың арбауына іліккендердің саны артқан. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов өңірде қаржы пирамидаларына қарсы күрес бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биыл департамент облыстағы үш қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

Шара аясында үш жоғарғы оқу орны мен 30 колледж студенті қаржылық сауаттылығын арттырады. Екі аптаның ішінде отыз мыңға жуық жасқа дәріс оқылады.

Форумға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы келді. Облыс әкімі студенттерге алаяқтардың арбауына түспей, мейлінше сақ жүру керектігін ескертті.

Мамандар тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жалғасатынын айтты.