Өскеменде Жеңістің 80 жылдығына орай облыстық спартакиада басталды. Жарысқа түрлі сала мамандары мен өңірдің барлық аудандарынан келген мемлекеттік қызметшілер қатысты. Спорттық дода биыл қатарынан он сегізінші рет ұйымдастырылып отыр.
Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған бұл шараға мыңға жуық мемлекеттік қызметші қатысады. Спартакиаданың ашылуына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов да келіп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Спартакиада футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат, жүзу, садақ ату және арқан тарту секілді 8 спорт түрінен өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл мұндай шара қатысушыларды спортқа баулып ғана қоймай, мемлекеттік қызметшілер арасындағы ынтымақтастықты арттырады.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік қатысушылардан облыс құрамасы жасақталып, олар маусым айында Өскеменде өтетін республикалық додада өңір намысын қорғайтын болады.