Аймақта су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары қарқынды. Биыл өңірдегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мен көпірлер бақылауға алынып, арнайы техника мен инертті материал қоры әзірленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте салалық басқарма өкілдері мәлімдеді.
Облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5 мың 288 шақырымды құрайды. Оның 1238 шақырымы республикалық, 1583-і облыстық, ал 2467 шақырымь аудандық. Бүгінде аймақтағы 437 көпір мен 4853 су өткізу құбыры қоқыстан тазартылды. Қауіпті учаскелкер алдын ала анықталып, жол бойындағы бөгеттерді нығайу жұмыстары жүргізілді. Тасқынға қарсы жұмыстарға 782 бірлік техника жұмылдырылған. Оның 100-і республикалық, 119-ы облыстық жолдарда. Ал аудан әкімдіктерінің қарамағында 563 техника бар. Қажетті құм, тас, топырақ қоры дайын. Қаптар мен құрал-жабдықтар да жеткілікті. Әр жол учаскесінде шұғыл әрекет ету топтары құрылған.
Биыл республикалық маңызы бар жолдар жөнделді. 2024-2025 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 392 шақырымды құрайтын 17 жол учаскесі ретке келтірілді. Оның ішінде Өскемен – Семей, Өскемен – Риддер, Катонқарағай – Рахман қайнарлары бағыттары бар. Жөндеу жұмыстары аясында 22 жаңа су өткізу құбыры салынды.
Су тасқыны қаупі туындаған жағдайда арнайы құрылған топ жедел әрекет етеді. Бұл жүйеге жол мекемелері, ТЖБ, тәртіп сақшылары, қала және аудан әкімдіктері тартылған. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, барлық нысан тұрақты бақылауға алынған.