Тәуелсіздік сарайында Сенат жанындағы Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Секциялық және пленарлық сессиялар кезінде Парламент және мәслихат депутаттары, Үкімет мүшелері, шетелдік және қазақстандық сарапшылар Мемлекет басшысы Мәслихат депутаттарының II республикалық форумында және Ұлттық құрылтайдың IV отырысында белгілеп берген міндеттерді іске асыру барысын талқылады. Сондай-ақ іс-шарада сенаторлар мен мәслихат депутаттарының өзара іс-қимылын одан әрі жандандыру, жергілікті өкілді органдар қызметінің өзекті мәселелерін шешу және өңірлердің дамуына ықпал етудің маңызы туралы мәселелер сөз болды.
Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, 30 жыл ішінде мәслихаттар еліміздегі басқару жүйесінің жергілікті жерлердегі толыққанды субъектісіне айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы қолға алған саяси реформалардың арқасында кейінгі жылдарда мәслихаттардың рөлі айтарлықтай нығайды. Бұл өзгерістер «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты мемлекеттік құрылыстың жаңа формуласына сәйкес жүзеге асырылды. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы айқындап берген реформалар мен міндеттерді жүйелі әрі сапалы іске асыру үшін бірлескен жұмыстың маңызы зор екеніне және сол бағыттағы бірқатар басымдыққа тоқталып өтті. Олардың қатарында қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастыруға, әлеуметтік қоғам құруға, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізуге және мемлекеттік құрылымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге мәслихаттарды белсенді жұмылдыруға қатысты міндеттер бар.
Секциялық сессиялар барысында Парламент және мәслихат депутаттары, сондай-ақ, сарапшылар қалалар мен ауылдардың әлеуетін арттыру үшін барлық деңгейдегі депутаттардың, Үкімет мүшелерінің, сарапшылар қоғамдастығының күш-жігерін біріктіру ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Қатысушылар секциялық отырыстар аясында көтерілген мәселелердің өзектілігіне де назар аударды. Онда өңірлердің экономикасын, агроөнеркәсіптік кешенді, ауылдық аумақтарды және қоршаған ортаны қорғауды, сондай-ақ, жергілікті жерлерде әлеуметтік саясат пен инклюзивті қоғамды дамыту бағыттарына да басымдық берілді.
Кеңейтілген отырысқа Парламент және мәслихат депутаттарымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың, академиялық және сараптамалық қоғамдастықтың, сондай-ақ азаматтық сектордың өкілдері қатысты.