«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында осыған дейін түрлі маман иелері таныстырылды. Олар әртүрлі мекемелер мен өндіріс орындарында еңбек етіп, ел игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Бұл жолы әріптестеріміз тәулік бойы тынбай еңбектеніп, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етіп жүрген «Өскемен су арнасы» қызметкерлерінің жұмысымен танысып қайтты.
Күнделікті тіршілігіміздің тыныштығы – көзге көрінбейтін, алайда аса маңызды мамандардың еңбегімен тығыз байланысты. Судың үздіксіз келуі, кәріз жүйесінің ақаусыз жұмыс істеуі – бәрі де осы сала қызметкерлерінің кәсібилігіне тәуелді. Айдын Темірханов – «Өскемен су арнасы» кәсіпорнында 2012 жылдан бері еңбек етеді. Ол жұмысында алдыңғы қатарлы мамандардың бірі.
Тәжірибесімен ғана емес, адами қасиетімен де ұжымға үлгі бола білген Айдын Темірханов – көпбалалы әке. Өз ісіне адал маман әріптестерінің арасында үлкен құрметке ие.
Су мен кәрізге қатысты арыз – шағымдар алдымен диспетчерлік бөлімге түседі. Мұндағы мамандар әр өтінішті мұқият тексеріп, тіркеп, тиісті бөлімге жолдайды.
Міне, осындай еңбекқор жандардың арқасында қала тынысы тоқтамайды. Олардың еңбегі – көрінбейтін, бірақ бағалауға тұрарлық жұмыс.