Өскеменде май зауытының құрылысы басталуы мүмкін. Жаңа кешен жылына 30 мың тонна рафинадталған май мен 3 мың тонна лецитин өндіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы қала әкімі Алмат Ақышов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Сонымен қатар, шаһар басшысы қаланы дамытуға бағытталған жобаларды таныстырып, атқарылған жұмыс жайлы мәлімдеді. Әріптесім Бекарыс Секен жалғастырады.

Қазір облыс орталығының бас жоспары әзірленіп жатыр. Қаланың бірнеше аумағында жол жөнделіп, жаңа ғимараттар пайда болады. 38 учаске абаттандырылып 30-ға жуық аула жаңартылады.

Өңірдің инфрақұрылым саласы қарқынды дамуда. Биыл спорттық нысандарды жөндеу және жаңарту жұмыстары қолға алынбақ. Сонымен қатар, жаңа ипподром салу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы мен жылу желілерін жаңғырту саласында да жақсы өсім байқалады. Мәселен, қазір 12 мың шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстың шамамен жартысы «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы аясында жүргізіледі.

Бүгінде қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар әзірленіп жатыр. Қала әкімі бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жасалатынын атап өтті.