Облыс орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы қала тұрғындарын сапалы өнім, қолжетімді бағамен Самар ауданы қуантты. Кәсіпкерлер ет, балық, бал мен сүттен жасалған түрлі өнімдерін нарықтан төмен бағада саудалап, қала жұршылығына өздерінің табиғи таза өнімдерін ұсынды.

Жері шұрайлы өлкенің өнімдері де сапалы. Жыл сайын өтетін жәрмеңкені қала тұрғындары да асыға күтеді. Таң атысымен саудар орнына жиналған жұрттың қарасы қалың.

Жәрмеңкеге самарлық шаруалар қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі тағамдар ұсынып, сөрелерді табиғи өнімге толтырды. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай шараларды өткізу, тауар өндірушіге де, тұтынушыға да өте тиімді. Ең алдымен, өзімізде өндірілген отандық әрі сапалы өнімді өткізудің ұтымды жолы.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі жылдан-жылға артып келеді. Әлеуметтік маңызды тауарлар мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастылып отырған жәрмеңкенің тұрғындарға берері көп. Ала таңнан асыққан халық жәрмеңкеден сөмке толтыра қайтты. Ұнағанын ұстап байқап, көзбен көрген азық-түлігін сатып алды.