Заманауи қазақ әдебиеті өзіндік қолтаңбасы бар таланттармен, жаңа шығармалармен өрісін кеңейтіп келеді. Проза жанры жақында ғана тағы бір тың туындымен толықты. Белгілі жазушы Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» кітабы аз уақытта-ақ оқырманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Жаңа кітаптың тұсаукесері өскемендік оқырман үшін арнайы ұйымдастырылды.
Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы автор мен оқырман арасына көпір болып келеді. Бұл жолғы игі шара жазушы, ақын, журналист, ҚР Жазушылар, Журналистер Одағының және Халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжанмен емен-жарқын әңгіме болып өтті.
Жиналған қауым бұл жолы Сәуле Мағазбекқызымен әлі сиясы кеппеген «Өмір бәйтерегі» кітабы турасында сырлы сұхбат құрды. Роман елде үшінші рет ұйымдастырылған Mecenat.kz байқауында көпшілік дауысымен үздік шығарма деп танылды. Жазушы жеті жыл бойы жазған романында ұлттық кодымызды, қан тазалығын, әлемде қазақта ғана бар «жеті ата» шежіресінің дала төлқұжаты екенін дәлелдеп, жастарға түсіндіруге тырысқан. Туынды ұлттық сана мен мәдени мұраны сақтаудың негізгі мәселелерін сөз етеді.
Роман ата-бабаның рухани мұрасын, даналығын баяндай отырып, қазақтың ежелгі әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерімен таныстырады. Шара барысында жазушы шығарманы жазуға не түрткі болғанын, не шабыттандырғанын әңгімелеп берді. Зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қазақ мәдениеті мен тарихын сақтаудың, насихаттаудың өзекті мәселелері де сөз болды.