Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Ұлан ауданына барды. Аймақ басшысы Қайсенов, Украинка ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды аралады. Жаңадан ашылатын Қайсенов кентіндегі емхана бір ауысымда 150 адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ, мұнда 6 орындық күндізгі стационар да жұмыс істейтін болады.
Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінде биыл жаңа емхана ашылады. Бұл нысан аудан ғана емес, бүкіл өңірдің медициналық инфрақұрылымын нығайтатын маңызды мекеме болмақ. Емхананың ашылуы Қасым Қайсенов кенті мен оған іргелес ауылдардың тұрғындарына амбулаториялық көмек көрсету сапасын жаңа деңгейге көтермек.
Қазіргі таңда кенттегі мектептер шектен тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Оқушылар саны жоспарланған межеден екі есеге артып, білім ордалары қос ауысымда сабақ өткізуге мәжбүр. Осы ретте Қасым Қайсенов кентіндегі орта мектепке барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа қалыптасқан жағдай баяндалып, өзекті мәселелерді шешудің бірнеше жолы ұсынылды. Ал, аталған кенттегі №34 өрт сөндіру бөлімі – Ұлан ауданы бойынша төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйесінің негізгі нысаны. Бөлімде техника мен құрал-жабдықтардың әзірлігі көрсетіліп, қауіпті аумақтардағы тәуліктік кезекшіліктің қалай ұйымдастырылғаны баяндалды.
Сапардың соңғы нүктесі Украинка ауылы болды. «Украинка» ШҚ орнықты даму үдерісін көрсетіп, аймақтағы сүт өндірісінің көшбасшыларының бірі болып отыр. Өндірілетін өнім барлық белгіленген талаптарға сай, ал сүттің қауіпсіздігі мен құнарлылығы - ауыл шаруашылығы өндірушілерінің басты бағдары.
«Жер су» – жер астындағы жылыжай кешені де дәл осы ауылда орналасқан. Бұл өңірдегі ерекше жобалардың бірі. Облыс әкімімен кездесу барысында кәсіпкер Украинка ауылындағы өзекті мәселелерді де көтерді. Тұрақты интернеттің болмауы мен қоғамдық көліктің үздіксіз қатынамауы. Бұл мәселелерді шешуді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тиісті басқармалар мен Ұлан ауданы әкімдігіне тапсырды.