Шығыс Қазақстан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жасөспірімдерге кәсіби бағыт беру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның бірі «Согра» ЖЭО кәсіпорнында ұйымдастырылған ашық есік күні. Экскурсия барысында мектеп оқушылары орталықтың жабдықтарымен танысып, сала мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Оқушыларды қарсы алған кәсіпорын өкілдері арнайы экскурсия ұйымдастырды. Жасөспірімдер өндірістік цехтарды аралап, заманауи технологиялармен танысты. Бұл — олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға септігін тигізбек.

Өндірісте аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлер оқушылармен әңгімелесіп, өздерінің еңбек жолындағы маңызды шешімдерімен де бөлісті. Олардың айтуынша, жетістікке жетудің сыры – қажырлы еңбек пен төзімділіктің арқасы.

Кәсіпорын мамандары оқушыларға цехтарды аралатып, әр құрылғының жұмыс істеу принципін түсіндірді. Электр станциясында еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен дәлдікті талап етеді. Оқушылар жағы мұнда мамандықтың тек теориямен шектелмейтінін, тәжірибенің де маңызды екенін түсіндік дейді.

Кездесу соңында оқушылар мамандық таңдау, мансапты қалай бастау керек, қандай қасиеттер маңызды деген сұрақтарына жауап ала-алды. Мұндай шаралар жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыруда ерекше рөл атқармақ.