Әлемде қаншама мамандық иелері бар. Әркімге жүктелген міндет пен жауапкершілік жүгі әрқалай. Ал кез келген істің артында бір адамның үздіксіз қызметі мен маңдай тері жатыр. Оның ішінде жұмысшы мамандардың еңбегі ерен. Әсіресе, от жағушының қызметі қауіпті. Нағыз еңбек адамы. Ол үшін әр үзік нанның дәмі тәтті әрі қадірлі. Талғатқан Қалиев - Күршім ауданындағы №4 жылыту қазандығында от жағушы. Мамандығым-мақтанышым деп білетін жанның бір күні жайлы келесі сюжетте.

Талғатқан Қалиевтің осы салада жүргеніне 10 жылдан асқан. Күршім ауданындағы №4 жылыту қазандығында от жағушы болып еңбек етеді. Марқакөлден Күршімге 1995 жылы көшіп келген ол жұмыс талғап көрген емес. Жұмыстың ауыры не жеңілі жоқ, - дейді. Өйткені ол үшін әр еңбек бағалы.

Үйілген көмірге су шашып, оны күрекпен пешке лақтыру оңай емес. Жалыны шарпыған оттың үздіксіз жануы, күлдің уақтылы шығарылуы қалыпты температураны ұстап тұруға септігін тигізеді. Сондықтан әр жұмыстың өз машақаты мен тәртібі бар.

Бибігүл Жакежанова №4 жылыту қазандығы жылумен қамтып отырған тұрғын үйлердің бірінде 1998 жылдан бастап тұрады. Талай жыл от жағып, үйін жылытып келген ол орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанына дән риза.

Негізінен ауданда 4 жылыту қазандығы бар. Ол 260 жуық тұтынушыға қызмет көрсетеді. Жергілікті билік келесі жылы тағы біреуін іске қосуды жоспарлап отыр.