Өңірдегі қала және аудан әкімдерінің қызметі енді нақты нәтижеге қарай бағаланбақ. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылып, меморандумға қол қойылды. Бұдан өзге әкімдік отырысында қандай өзекті мәселе қаралды? Әріптесім рет-ретімен.
Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру, сауықтыру орындары мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Оған облыстың қалалары мен аудандарының бюджетінен 483,6 млн.теңге бөлінді.
Басқарма басшысының баяндасымасына сәйкес, жазда 8 575 оқушыны қамтитын 11 қала сыртындағы, 270 мектеп жанындағы лагерлер және түрлі секция мен үйірмелер жұмыс істейді. Дәстүрлі «Қонақжай отбасы» жобасын жүзеге асыру жалғасады. Биылғы жылы жобаның географиясы кеңейіп, 140 баланы қамтуға 3 аудандағы 5 елді мекеннен 62 отбасы тартылады. Облыста алғаш рет мектеп оқушыларын өңірдің мәдени-тарихи мұрасымен таныстыру, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту мақсатында «Киелі Шығыс» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, жиында тұтынушы құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаменті басшысынның баяндамасы тыңдалды. Тұрғындардың көбі бөлшек және электрондық сауда, тұрмыстық қызметтер, қоғамдық тамақтану, білім беру, денсаулық сақтау, байланыс, қаржы, көлік, туризм салалары бойынша да шағым түсірген.
Отырыс соңында Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін экономиканы екі есеге арттыру және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау қажеттігі айтылды. Бұл бастаманы іске асыру үшін өңірге қарасты аудандарда «жол карталары» әзірленген. Енді қалалар мен аудан әкімдерінің жұмысы KPI көрсеткіштерінің орындалуы бойынша бағаланады. Аталған көрсеткішке басымдық берілетіні жайлы меморандумға бүгін қол қойылды. Аталған жүйе құрамына 2025 жылға арналған қалалар мен аудандардың ірі әрі маңызды 4 жобасы енгізілген. Ол экономиканың өсуіне, жұмыс орындарының құрылуына және салық түсімдерінің артуына елеулі үлес қосады деп көзделіп отыр.