Өскемен-Қарамай ынтымақтастығы - Қазақстан мен Қытай мемлекеті достығының айрықша үлгісі. Синьцзян ауданындағы ең үлкен қаланың облыс орталығымен сан салада бөлісер тәжірибесі орасан. ШЫҰ аясында өткен халықаралық семинардың жабылу салтанатынан Данияр Қайратұлы рет-ретімен…

Көне сауда керуендері түйісетін Ұлы Жібек жолында орналасқан Қарамай - Орта Азиядағы мұнай ғылымы және технологиясын терең меңгерген әлеуетті орталық. 50-нші жылдары Қытай үкіметі КСРО-дан мұнай кенін игеруді үйрене бастайды. Айналдырған бес-алты жылда бағалы ресурстың бірнеше қорын ашады. Осылайша, Қарамай сан салада қуатын арттырып, Қытай экономикасына мұнай арқылы пайда әкелген күретамырға айналады. Бүгінде бұл қала ғылым мен білім берудегі, ақпараттық технологиялар саласындағы озық тәжірибесімен танымал. «ШЫҰ ағашы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған халықаралық семинардың мұнда өтуі де бекер емес. Бес күнге жалғасқан, алты ел өкілдері цифрлық технологиялар, жасанды интеллект тақырыбында тәжірибе алмасып, білімдерін арттырған шара мәресіне жетті.

Қатысушылар ақпараттық замандағы киберқауіпсіздік, жасанды интеллектті қолдану жайын меңгеріп, кәсіби біліктіліктерін арттырды.

Ал, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, Құмаш Нұрғалиев атындағы жоғары колледж және Риддер колледжі оқытушылары Қарамай кәсіптік-техникалық институты басшылығымен өткізген кездесуде облыстық делегация тарапынан академиялық мобильділік, құзыреттілік орталықтарын ашу сияқты бірнеше ұсыныс айтты. Екі тарапқа тиімді кездесу екіжақты үш меморандумға қол қоюмен аяқталды.

Шығыс Қазақстан мен Қытайды көпжылдық ынтымақтастық, серіктестік, географиялық жақындық тығыз байланыстырады. Сондықтан, Алып көршінің Шығысқа деген ықыласы ерекше.

Қазақстандық делегация мүшелеріне қарап Шығыстың креативті индустрия, туризм мен білім беру, ІТ салада әлі алар асуы көп екенін аңғардым, дейді Бахтовар Иномов. Тәжікстандық сарапшының айтуынша, мұндай деңгейдегі шаралар мемлекеттер достығын одан әрі нығайтады.

Қарамайда халық саны 500 мыңға жуықтайды. Ұлттар ішінде ең көбі қытай, ұйғыр және қазақтар. Бірақ, барлығы ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылған. Өз елдеріне қорған, көршімен дос.

Өскемен мен Қарамай екі елге ортақ берік көпір салды. Бірлесіп, туризм, ІТ сала, білім беруде тың бастамаға жол салмақ. Бастысы - екі тараптың да бағыты дұрыс, ниеті оң.