Жеңістің 80 жылдығына орай Өскеменде жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан облыстық турнир өтті. Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушылары қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды. Доданың мақсаты - ұлттық спортты насихаттап жас спортшылардың шеберлігін шыңдау.

Тоғызқұмалақ - халқымыздың көне дәуірден жеткен ұлттық спорты. Бұл ойын адамның логикалық ойлауын дамытып, математикалық қабілетін арттырады. Қазіргі таңда дәл осы ұлттық ойынға қызығушылық күн санап артып келеді.

Жиында «Тоғызқұмалақ - ұлт руханиятының айнасы» тақырыбында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Есенбекұлымен оқушылар арасында шеберлік сағаты өтті. Бұл игі шара қатысушыларға ұлттық ойынның терең мәні мен маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады, онда екі қазан, 18 отау және 162 құмалақ бар. Алғаш жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды. Осы ойынды жетік меңгерген жас спортшылар бірінен бірі өтіп, өз шеберліктерін барынша көрсетті.

Жеңімпаздар арнайы медальдармен және дипломдармен марапатталды. Бұл турнир балалардың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, өз халқымыздың рухани мұрасын терең түсініп, құрметтеуге бағыттады.