Ол қараңғы түнектен жарық сәуле іздеді, болашақ ұрпақ үшін ертеңгі күнге деген үмітін жоғалтпады. Мыңмен жалғыз алыса жүріп, өз заманының өмір шындығы мен халықтың мұңын жүрегімен жеткізе білді. Ол дара тұлға. Ойшыл ақын, философ әрі саясаткер Абай Құнанбаев. Биыл туғанына 180 жыл толады. Осы айтулы датаға орай жер-жерлерде игі дәстүр бойынша түрлі шаралар легі басталып кетті.
Томирис Ахмадиева 10 сынып оқушысы. Бос уақытында кітапханаға келіп кітап оқығанды жақсы көреді. Сөре толы кітаптарды парақтап өзіне рухани азық алады. Әсіресе, Абайды оқиды.
Томирис Ахмадиева, мектеп оқушысы:
Мен осы кітапханаға жиі келемін. Көбіне Абай Құнанбаевтың шығармаларын оқуға тырысамын. Оның шығармалары білімге, әділетті болуға, ерінбеуге, адамгершілік қасиеттерді дамытуға шақырады. Оның барлығы қазіргі кезде өте маңызды. Қазақстан тарихындағы маңызды тұлға ғана емес сонымен қатар халқымыздың ақыл- ойы мен жүрегінің дауысы.
Абайдың шығармашылығы тұнып тұрған философия. Онда қазақ халқының өмір шындығы, арман-тілегі жазылған. Ал қара сөздерінде еңбек, ғылым, адамгершілік, әдептілік мәселелерін сөз етеді. Одан сан ұрпақ әлі де ғибрат алары анық.
Алмас Қожым, О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхананың қызметкері:
Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы, заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып жаңғырып, жаңа өріс алуда. Осыған олрай біздің оралхан Бөкей аьтындағы кітапханамыз Абайдың 180 жылдығына қарай көрме ұйымдастырып отыр. Ол көрмеде әр жыл сайын шығып жатқан Абайдың шығармашылығынан үзінділер немесе толық Абайдың шығармалары орналасқан. Бұған қоса бізде фото көрме де бар.
Бұл фото көрмеге әлемнің әр елінде Абайға қойылған ескерткіштердің суреттері қойылған. Бұдан бөлек кітапхана мамандары заманауи технологиялардың көмегімен түрлі бейне роликтер әзірлеген.
Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері келушілерге 3D форматында Жидебайдағы Абай мұражайына саяхаттауға мүмкіндік жасаған. Ал виртуалды киіз үй ішінде 3D көзілдіріліктің көмегі арқылы Абайдың еліне оралуы туралы арнайы ойын форматында әзірленген туындыны тамашалауға болады. Онда ойшылдың жас кезі суреттелген.
Данил Кузютин, О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі:
Сандық технологияларды көмегі арқылы Абай шығармаларын насихаттаудамыз. Мәселен, жасанды интелектінің көмегі арқылы әлем Абайды оқуда деген аваторлар жасадық. Бейнероликтер әзірледік.
Сондықтан Абайдың мұрасы барша қазақ үшін рухани қазына.
Салтанат Кеңесбекқызы