Облыс орталығындағы көпқабатты үйлерге жаңа үлгідегі су есептегіштер орнатылуда. Жаңа техника мәліметтерді қашықтан жібере алады. Жоба коммуналдық төлемдердің ашық болуына көмектесіп, тұтынылған су мөлшерін нақты көрсетеді.

Жаңа есептегіштер су шығынын автоматты түрде тіркейді. Мәліметтер бірден қызмет көрсететін мекеменің орталық базасына түседі. Бұрын бұл деректерді мамандар өз қолымен жазатын. Енді адами қателіктер азаймақ. Бұл тәсіл уақытты үнемдейді. Ең бастысы – ысырапшылдықты азайтады. Тіпті жүйедегі ақаудың бар-жоғын да білуге болады.

Владимир Нохрин, «Өскемен Водоканал» ШЖҚ МКК өндірісті автоматтандыру қызметінің басшысы:

Техникалық жағынан дайын үйлердің саны – 830. Қазір 424 үйге есептегіш орнатылды. Кейде жертөледе су кетіп жатады. Біз оны көрмейміз. Ал бұл құрал нақты қанша су кіріп, қаншасы пәтерлерде пайдаланылғанын көрсетеді. Осы арқылы судың қайда кеткенін білуге болады. Сонда тұрғындардың нақты қанша су тұтынғаны көрінеді.

Мамандардың айтуынша, жаңа тәсіл қаланың су жүйесін сандық түрде басқаруға жол ашпақ. Биыл Өскеменде 118 есептегіш орнатылған. Жұмыс келесі жылы да жалғасады, деп жоспарланған.


Дидар Ерболатқызы